Астаналық дәрігерлер тәжірибе алмасты

521

Елордада травматология және анестезиология саласында тәжірибе алмасу бойынша шеберлік сабағы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz қалалық басқармаға сілтеме жасап.   

Астаналық дәрігерлер тәжірибе алмасты Фото: aikyn.kz

Қалалық №2 көпбейінді балалар ауруханасында тәжірибе алмасу жиыны алдымен елордалық дәрігерлерге өзге елден келген әріптестерін таныстырумен басталды. Астанаға Ресей Федерациясындағы Қызыл Крест атындағы Қорған облыстық балалар клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі, травматолог-ортопед Анатолий Коробейников пен Илизаров атындағы травматология және ортопедия Ұлттық медициналық зерттеу орталығының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Вадим Евреинов арнайы шақырылды.Травматолог-ортопед Анатолий Коробейников өз сөзінде елордада медициналық көмек көрсету сапасының жоғары екенін айтты.

"Мен Астанаға бірінші рет келіп тұрмын. Кеше науқас жағдайына байланысты бірқатар мәселені талқыладық. Елордада медициналық көмек көрсету жақсы дамыған деп ойлаймын. Ота жасау барысында түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте нәтижелі. Өйткені әртүрлі жағдай болады. Сондықтан жан-жақты қарастыратын боламыз", – деді дәрігер.

Бүгінде медицинада ота жасау кезінде жансыздандыру әдісі өзгеріп келеді. Анестезиолог-реаниматолог дәрігері Вадим Евреиновтың сөзінше, жарақат аумағын ғана жансыздандыру әдісі науқастың денсаулығын тез қалпына келтіруге көмектеседі.

"Науқастың жарақат орнын ғана жансыз­дандыру үшін алдымен оның жүйке талшықтарын тауып алу қажет. Сол арқылы біз анықталған орынға ғана анестезия әдісін қолданамыз. Жалпы жансыздандыру әдісін қолданбаймыз. Науқас тек ұйықтайды және өз еркімен тыныс алады. Ал ота аяқталған соң оған қатты ауыр болмайды. Қалпына келу процесі тез жүреді. Негізі, бұл әдіс бұрыннан бар. Тіс дәрігерлері әлі де қолданып келеді. Сондықтан да дәрігерлер осы әдісті қайтадан қолдануды дұрыс деп тапты", - деді анестезиолог маман.

Ресейлік дәрігерлер елордалықтарға балаларға жалпы анестезияның "ауыр" түрлерін қолданбай, заманауи жарақат аумағын жансыздандыру әдісін көрсету үшін ота бөлмесіне барып, өз әдістерімен бөлісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу