Астаналық ер адам таксист әйелге қоқан-лоқы жасаған

172

Ер адам 10 тәулікке қамауға алынды.

Астаналық ер адам таксист әйелге қоқан-лоқы жасаған Фото: Sputnik / Asatur Yesayants

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында азамат А.-ға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасау фактісі жөніндегі әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сот отырысында анықталғандай, Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінің маңында такси қызметін пайдаланып, сапар аяқталғаннан кейін азамат А. такси жүргізушісі С.-ға балағат сөздер айтып, автокөліктен шығудан бас тартқан және оған қоқан-лоқы көрсеткен.

Осылайша, А. өз әрекеттерімен айналасындағыларға анық құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзған.

Аталған факті полиция басқармасында әлеуметтік желідегі Instagram-да оқиғаның бейнежазбасы жарияланғаннан кейін тіркелген. Сот отырысында А. өз кінәсін толық мойындады.

Сот азамат А.-ны ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

– Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығын ескерді. Құқық бұзушылық қасақана жасалып, қоғамдық тәртіпті бұзудан, айналасындағыларға құрметсіздік танытудан және өзге тұлғалардың тыныштығын бұзудан көрініс тапқан. ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу не 5-тен 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза көзделген, – деп жазды соттың баспасөз қызметі.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен азамат А.-ға 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу