Астаналық қариялар кітаптың құндылығын дәріптеді

301

Астанада "Кітап оқитын ұлт" жобасы аясында аға буын өкілдері бас қосып, кітап оқудың адам өміріндегі маңызы мен жастар арасында әдебиетке қызығушылықты арттыру жолдарын сөз етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.    

Астаналық қариялар кітаптың құндылығын дәріптеді Фото: ЖИ

Жиын барысында қариялар кітапқа деген қызығушылықтарының қалай қалыптасқанын айтып, сүйікті шығармаларымен бөлісті. Олар кейінгі ұрпақты кітапты серік етуге шақырды. Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі Алданыш Нұрпейісов кітап оқуды бала кезінен әдетке айналдырғанын айтады. Қазір ол әдебиетті насихаттаумен айналысатын "Ұлағат" ұйымының жұмысына белсенді қатысады.

"Ұлағат" ұйымы арқылы Алаш зиялылары мен қазақ жазушыларының өмірі мен шығармашылығын дәріптеп келеміз. Өзім бала кезімнен кітапханаға жиі барып, ондағы кітаптардың көбін оқып шықтым. Сол кітаптардың тәрбиесі мен білімінің өміріме әсері мол болды. Кітап адамға ой салады, білім береді, дұрыс жол көрсетеді. Сондықтан кітап оқуды өзіммен қатар кейінгі буынға да насихаттауды жалғастырамын", – деді ол.

Есіл ауданындағы орталық мүшесі Мәлика Нұралиева да кітапты өмірінің маңызды бөлігі санайды. Оның жеке кітап қорында 6-7 мыңға жуық кітап бар. Айтуынша, жинаған әдебиеттерінің басым бөлігін оқып шыққан.

"Үйімдегі кітаптардың әрқайсысының өзіндік орны бар. Олардың басым бөлігін оқып шықтым. Балаларымды да кітап оқитын ортаға араластырып жүрмін. Себебі кітап адамның ойлау қабілетін жетілдіріп, дүниетанымын кеңейтеді. Өзім жинаған кітаптардың бір бөлігін мектептер мен жоғары оқу орындарына бердім. Кітапты көп оқитын ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет", – деді Мәлика Нұралиева.

Ал Райхан Жұмәліқызының кітапқа деген сүйіспеншілігі отбасындағы дәстүр арқылы қалыптасқан. Оның айтуынша, бала кезінде үйде кітап оқып, шығармаларды бірге талқылау әдетке айналған.

"Біздің отбасымызда кітап оқу әрдайым маңызды болды. Ағамның тәрбиесі мені әдебиетке жақындатты. Әсіресе "Абай жолы" шығармасының орны ерекше деп ойлаймын. Бұл туындыдан қазақтың тарихы мен салт-санасын терең түсінуге болады. Сондықтан оны әр қазақ оқуы керек деп есептеймін. Қазір Астанада кітап оқитын жастардың көп екенін көріп, қуанып жүреміз", – деді Райхан Жұмәліқызы.

Кездесуде кітаптың тек білім мен тәрбие құралы емес, ұлттық тарих пен мәдениетті сақтайтын маңызды мұра екені де айтылды. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының Көрме ұйымдастыру бөлімінің басшысы Анар Баймағамбетова көрмеге қойылған сирек жазба мұраларға тоқталды.

"Көрмеде түпнұсқалардың факсимиле көшірмелері ұсынылған. Түпнұсқалар арнайы қорда сақтаулы. Біз бұл жәдігерлерді көшпелі көрмелер арқылы көпшілікке таныстырып жүрміз. Экспозицияда Қарахан түркі қағанаты дәуірінен бастап Қазақ хандығына дейінгі тарихи жазбалармен қатар, 1929 жылдан бергі төте, латын және кирилл әліпбиіндегі құнды мұралар бар", – деді Анар Баймағамбетова.

Жиынға қатысушылар кітаптың адамның ойлау қабілетін дамытып, білімін арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудегі рөлін атап өтті. "Кітап оқитын ұлт" жобасы осындай кездесулер арқылы аға буын мен жастар арасындағы байланысты нығайтып, өскелең ұрпақтың кітапқа, әдебиетке, тарих пен ұлттық мұраға қызығушылығын арттыруды мақсат етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу