"Ақылы тұрақтарға түбегейлі қарсылық жоқ. Бәйтерек, министрліктер үй және Нұрлы жол секілді белгілі бір жерлерде болуы керек, оны түсінеміз. Бірақ үйлер мен бизнес орталықтардың алдында болғаны дұрыс емес. Кезінде мұндай тұрақтарды сол бизнес орталықтары өздері салған. Әкімдіктің өзіне сол кезде олардың инвестициясы қатты қажет болған. Ал бүгін жалға алу мерзімі біткеннен кейін сіздер тартып алып, басқа кәсіпкерге беріп жатырсыздар. Бәсекелестік сақталуы керек қой. Мұндай әрекеттеріңіз әсіресе шағын және орта бизнеске теріс етіп жатыр. Мысалы, бір адамға сусын алу керек болса да, жол бойындағы дүкенге тоқтамайды. Өйткені оның алдындағы тұрақты ақылы етіп қойдыңыздар. Ойлап қарасаңыз, осының өзі шағын дүкен иесі клиенттен айырылып отырғанын көрсетеді. Сіздер бизнес қандай ақша жоғалтатынын есептеп көрдіңіздер ме? Жоқ, бағанадан қайта-қайта сұрасақ та, жауап бермедіңіздер, ондай зерттеу жүргізбегендеріңіз белгілі болды. Сонымен бірге ғимарат жұмысшылары мен келушілері көлігін жақын маңдағы үйлердің ауласына қалдыруға мәжбүр, мұнан барып қозғалыс қиындайды. Оң жағалау жақта ақылы тұрақтар бос жатыр. Өйткені ол жерге ешкім қойғысы келмейді Басқа жерлер лық толы. Бұл істен түсетін табыстың 93 пайызын әкімдік алатынын айттыңыздар, бұл деген нонсенс. Халыққа айыппұл салу арқылы бизнес жасамайды ешқашан. Халыққа тіпті өтеуі жоқ дүние. Бір ғана мысал айтайын, сіздердің автоматтарыңыздан ақылы тұрақтың ақшасын төлеудің өзі қиын. Халыққа ыңғайсыз істегенсіздер. Не істесеңіздер де халыққа ыңғайлы қылып істеңіздер", – деді қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев қала әкімдігі мен "Парковочное пространство Астаны" компаниясының өкілдеріне қарата.
Жолболдиев қала әкімдігіне "Парковочное пространство Астаны" компаниясымен келісімшартты қайта қарастыруды ұсынды.
Кәсіпкерлер палатасы өкілдері "Парковочное пространство Астаны" компаниясы монополия орнатып алды деп есептейді.
Палата жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Ирак Еллекеев аталмыш компания ісін заңдық жағынан қарап шығуға қаланың прокурорына жүгінді.
"Ақылы тұраққа үзілді-кесілді қарсылық жоқ. Бірақ халық наразы болып тұрса, оның дұрыс емес тұстары бар деген сөз. Сіздер бұдан табыс табуды ойласаңыздар, оған да қарсы емеспіз. Бірақ артық қыламыз деп тыртық қылып алмаңыздар. Барлық жерді жаулай бермеңіздер", – деді Елекеев.
Айта кетейік, автотұрақ орындары "Парковочное пространство Астаны" компаниясына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында берілген.