Астаналық кәсіпкерлер электр энергиясы үшін сараланған тариф енгізуді сұрайды

652

Астанада азық-түлік тауарларын өндірушілер мен базар иелері электр энергиясына сараланған тариф енгізуді сұрайды. 

Астаналық кәсіпкерлер электр энергиясы үшін сараланған тариф енгізуді сұрайды

Үкімет "бағаны тұрақты ұстаңдар!" деп тапсырма бергенімен, коммуналдық шығындар кәсіпкерлердің қалтасын қағып біткен. Тек соңғы жылдардың өзінде жарық бағасы 50 пайызға қымбаттапты. Сондықтан, жоғары жақтағылар мәселені қолға алмаса, бизнес иелерінің шығынға белшеден бататын түрі бар. 

Елордада жыл басталғаннан-ақ кей өнімдер 22 пайызға дейін "аспандаған". Астанадағы қымбатшылықты Президент те жетер жеріне жеткізіп айтып, тапсырма берген. Десе де, әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілер әлі күнге құрдымға кетіп бара жатқанын айтып шырылдап жүр. Кәсіпкерлер бағаны ұстап тұруға тырысқанымен, Үкімет коммуналдық қызметтер тарифін реттеуге құлықсыз,- дейді. 

"2021 жылдан бастап қарайтын болсақ 50 пайызға өсіп кеткен. Егер біз азық-түлік бағасын түсіруге мәжбүрленсек, қоммуналдық, электр энергия тарифін қайта қарастыруымыз керек. Күндізгі және түнгі тариф арқылы. Мысалы қазіргі таңда 24 теңге, оған қосымша НДС бар. Соның бәрі ауыртпашылық түсіруде. Түнгі ауысымда төмендетілген тариф бойынша жүзеге асса, ол өзінің әжептәуір әсерін келтіреді", дейді "Әсем" сауда орталығы" ЖШС директоры Нұрлан Нұрмағамбетов. 

Тарифті түнгі және күндізгі деп саралап белгілеу осыған дейін тәжірибеде болған. Сондықтан, сол механизмді енгізсе, бизнес иелері де бағаны тұрақтандыруға атсалысатындарын жасырмайды. Ал, әкімдіктегілер мәселені шешуге қауқарсыз. Сондықтан, ұсынысты министрлікке жолдап қана отыр.  

"Біз табиғи монополияларды реттеу департаментімен бұл мәселе бойынша сөйлестік. Әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілер үшін жеңілдетілген тариф бар. Оны қолданғысы келетін кәсіпкер электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған, яғни шарт жасасқан компанияға хабарласып, өтінім жолдауы керек. Ал, сараланған тариф бойынша, бұл ұсынысты жоғары органдаға жолдадық", дейді Инвестициялар және кәсіпкерлік даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров. 

Кәсіпкерлер осыған дейін жауаптылардың артынан қалмай жүріп, тарифті 0,6 пайызға түсірткенін айтады. Бірақ ол шарықтаған инфляцияда еш әсер бермей отырған көрінеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу