Астана қаласының ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бас қаланың аумағына есірткі тасымалдаумен және сатумен айналысқан азаматты ұстады, деп хабарлайды elorda.info.
"Биылғы жылдың 12 тамызында "Көкнәр-2018" республикалық жедел-алдын алу шарасын өткізу кезінде Астана қаласының ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасымен елорда аумағына есірткі жеткізумен және сатумен айналысқандарды ұстау арнайы операциясы өтті", - делінген Астана қаласының ІІД хабарламасында.
Жедел-іздестіру шалары кезінде есірткі өткізумен айналысқан 36 жастағы ер азамат ұсталды. Ұсталған кезде одан гашиш табылды. Сондай-ақ аталған азаматтың тұрғылықты жерін тексеру кезінде 14,5 келіден астам гашиш пен марихуана тәркіленді.
"Ұсталған азамат аталған ірі көлемдегі есірткі заттарын елорда аумағында өткізбек болды. Қазіргі күні ол Астана қаласының ІІД уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚК 297-бабының 2-тармағына сәйкес тергеу жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.