78 жастағы зейнеткер 6 млн теңгесін шетел азаматына бере салған, деп жазады inbusiness.kz сайты қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция департаментінің мәліметінше, зейнеткерге бейтаныс нөмірден белгісіз адам қоңырау шалып, өзін Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған. Ол зейнеткерді күмәнді қаржылық операциялар анықталғанын айтып, ақшаны "сақтау" үшін беру қажет екеніне сендірген.
Жәбірленуші күдіктінің нұсқауын орындап, 6 млн теңгені курьерге табыстаған. Ал курьер қаражатты белгісіз тұлғаға берген. Біраз уақыттан кейін әйел адам алданғанын түсініп, полицияға жүгінген.
Anti-Fraud жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 33 жастағы шетел азаматын анықтап, ұстады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмысқа қатысы бар өзге тұлғалар анықталуда", – делінген хабарламада.