Бұл туралы ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитетінің басқарма басшысы Олжас Қабенов айтты.
Тілшілер министрлік өкілінен Астанада 5G желісін енгізу қай кезеңде екенін сұрады.
“Елорда аумағында 5G желісін қосу бойынша ұялы операторлар 70-тен аса базалық станция орнатты. Қазақстан бойынша 600-ден астам базалық станция орнатылды. Қандай аумақтарда орнатылды деген сұраққа келсек, базалық станцияның дені халық көп шоғырланған аудандарға қойылды. Операторларға белгілі бір ауданда базалық станцияны орнатсын деген міндет қойылмайды. Олар өздері жоспарлап, қажет деп тапқан орындарға орнатады”, - деді ол “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасы тақырыбында өткен брифингте.
Олжас Қабенов министрліктің негізгі талабы елорданың жоқ дегенде 75 пайызын 5G желісімен қамтамасыз ету екенін баса айтты.
“Жыл әлі аяқталмағандықтан, қаланың қанша пайызы 5G-мен қамтылғанын айта алмаймыз. Есептеулер әзірге жүргізілген жоқ. Жыл соңына дейін қала аумағының 15 пайызын қамту жоспарланып отыр”, - деді спикер.
Айта кету керек, ұялы операторлар базалық станцияны орнататын аудандарды өздері белгілейді.