Созылмалы және қатерлі ауруларды ерте анықтау мақсатында тегін мемлекеттік медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында тегін скрининг шарасы өтеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" Астана қаласы бойынша филиалының директоры Гүлжан Шайхыбекованың айтуынша, елімізде тегін скринингтік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Мұндай тексерулер ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді.
"Скрининг – бұл алдын алу тексерісі. Ол аурудың алғашқы белгілері білінбей тұрып-ақ дертті анықтауға мүмкіндік береді. Адам өзін сау сезінгеннің өзінде мұндай тексерулер қауіпті ауруларды ерте кезеңде табуға және дер кезінде емдеуді бастауға көмектеседі", – деді Гүлжан Шайхыбекова.
Шара аясында мына тексерулерден ақысыз өтуге болады:
- Артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома және басқа да қауіп факторлары бойынша – 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерге;
- Сүт безі қатерлі ісігіне – 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдерге (маммография екі жылда бір рет);
- Жатыр мойны обырына – 30 бен 74 жас аралығындағы әйелдерге (цитологиялық тест төрт жылда бір рет);
- Тоқ ішек қатерлі ісігіне – 50 мен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерге (жасырын қанға талдау екі жылда бір рет).
Тексеру нәтижелері электронды денсаулық паспортына енгізіледі.
Қажет болған жағдайда пациент бейінді мамандарға немесе қосымша зерттеулерге жіберіледі.