Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары Сәуле Мұқышеваның айтуынша, биыл тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында 73 мың адамға екпе салу көзделген, деп хабарлайды elorda.info.
"Тұрғындарға 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы екпе салу басталды. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында 73 мың адамға екпе салу көзделген. Ол бойынша ең алдымен жиі ауыратын және әлсіз туған балалар, жүкті әйелдер, жабық мекемелердің жеткіншектері, қарттар үйінің тұрғындары, жедел жәрдем және перзентхана қызметкерлері қамтылады", — дейді ол.
2017-2018 жылдарға арналған эпидемия маусымына бюджеттен 65 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Тұмауға қарсы екпе 13 қалалық емхана мен 3 отбасылық-дәрігерлік орталықта жүргізілуде. Сонымен қатар жекеменшік мекемелерден де алуға болады. Қызмет құны – 2200-3500 теңге аралығында. Сатып алынған "Гриппол" екпесі әсері және сапасы жағынан қауіпсіз.