"Талдыкөлді топырақпен көмгелі терезені ашудан қалдық". Осылай деген астаналықтар көлдің орнына салынады деген бульварды күткенімізге де 2 жыл болды, деп отыр. Одан бері әкім Алтай Көлгінов екі қызмет ауыстырды. Сол тұста салаға жауапты болған басшы Нұрлан Ұранхаев та кетті. Жай кеткен жоқ. Білдей бір облысқа басшы болып барды. Оның бас қалада бітірген тірлігі елдің есінен енді шыға бастағанда басқаруындағы Абай өңірінде өрт шықты. Апат айтып келмейді, әрине. Десе де әкім әуелден эко-жүйеге немқұрайлы қарайды, дейді табиғат жанашырлары.
Сонымен, соңғы күндері Көлгінов пен Ұранхаевтың аты неге бірге аталып жүр? Екеуін елордалықтар не деп еске алады?
Көлді көмуге әу бастан қарсы болғанымен тұрғындарды ешкім тыңдамағаны мәлім. Аумақта эко-парк саламыз, деп те алдаусыратқан. Ал қазіргі көрініс осындай.
Көл суын қолдан құрғатып, орнын тақыр далаға айналдырған атқамінерлердің әрекетін халық қанша сынады. Бүгін-ертең тоқтай да қоймайтын сияқты... Көлдің арнасы енді қалпына келеді дегенге сену де қиын. Тек тұрғындар бұл аумақта эко-парк болады дегенге әлі де үмітпен қарайды. Қаланың келесі бас сәулетшісі "қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса", -деп тағы өз білгенін қылмаса болғаны.