Астаналықтар қоғамдық көлікпен жүру картасын жаппай сатып алуда. Өйткені жолақы бірден екі есеге өсті. Тек арнайы жол жүру карточкасы барлар үшін баға бұрынғыша, 90 теңге болып қала бермек.
Бүгінде қала бойынша көлік картасын сататын 6 мамандандырылған касса, 30 терминал мен 51 сауда нүктесі жұмыс істейді. Соңғы 2 күн ішінде 16 мың 500 көлік картасы сатылған.
Егер жыл басында электронды төлем жүйесін қолданушылардың үлесі небәрі 5 процент болса, бүгінде 50 процентке жеткен. Ал экспресс автобустар халықтың қалтасын қаққалы тұр. Өйткені онымен арнайы карта арқылы қатынау 150 емес, 180 теңге, ал қолма-қол ақша төлеп жүру 250 теңге болмақ. Яғни жұмысқа барып келу үшін қалтаңызда 500 теңге болуы керек. Тек 7-і мен 15 жас аралығындағы балалар үшін жүру ақысы 40 теңге болып қала бермек. Ал билетсіз жүретін жолаушылар анықталған жағдайда оларға 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.