Тұманнан қаланың ең биік ғимараттары да көзге көрінбейді, ал ауада күл мен тозаң қалықтап ұшып жүр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Елорда аумағында таңғы уақытта басталған өртпен күрес әлі жалғасып жатыр.
Өрт таңғы сағат 9 шамасында Қорғалжын тас жолы мен Қосшы қаласына қарай айналма жолдың арасында басталған. Мұнда жеткен өрт сөндірушілері қураған шөп өртеніп жатқанын анықтады. Тілсіз жаумен күрес жалғасып жатыр. Оны ауыздықтауға қатты жел кедергі жасап тұр.
"Арнайы біздің өрт сөндіру техникалары да мына жердің жұмсақтығына байланысты және де үлкен техника ол жерге өте алмай жатыр. Сол себепті қолдағы бар құрал-жабдықтарымен сөндіріп жатырмыз", - деді Астана қ. Төтенше жағдай департаменті басқарма басшысы Эльдор Райымбеков.
Қызыл жалын 15 гектар аумақты шарпып үлгерген. Салдарынан қаланың басым бөлігі көк түтіннен көрінбей қалды, тіпті желмен ұшқан күл мен тозаң үйлерге дейін жеткен. Қазгидромет мамандары болса ауада азот оксиді шамадан тыс асып кеткенін мәлімдеді. Ал, Денсаулық сақтау министрі болса тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берді.
Әзірге өрттің неден тұтанғаны белгісіз. Қатты жел, қамыс аралас қураған шөпті өшіруге кедергі келтіруде. Дегенмен тілсіз жаумен таңнан бері 158 өрт сөндіруші үздіксіз арпалысуда. Тіпті өрт сөндірушілерге бір сағат бұрын жалынды ауыздықтау үшін көкке тікұшақ көтеруге тура келді.