Астаналықтардың 82,7%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған

416

МӘМС жүйесіне қатысушылар саны – 1 092 807 адам. 228 551 елордалық бұл жүйеден тыс қалып отыр. 

Астаналықтардың 82,7%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған Фото: Aikyn.kz

Астана тұрғындарының 82,7%-ы МӘМС жүйесінің қатысушылары. Сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтардың үлесі – 17,3%, деп жазады inbusiness.kz Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалына сілтеме жасап.

31 наурыздағы жағдай бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған астаналықтардың үлесін бөліп қарастырсақ, соңғы 12 айда төлемі жоқ адамдар – 59%; жұмыскерлер – 26%; жеке кәсіпкерлер – 4,6%; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар – 4,5%; дербес төлеушілер – 3%; БЖТ төлеушілер – 2 %; тағы басқалары – 0,2%.

"Қор медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту және халықты МӘМС жүйесіне барынша тарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Қазір елорда тұрғындарының 82,7%-ы жүйеде сақтандырылған. Яғни, қажет болған жағдайда, олар медициналық сақтандыру пакетінде медициналық көмек ала алады. Дегенмен, 200 мыңнан аса азамат түрлі себептермен жүйеден тыс қалған. Әйтсе де, МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болмаса да, барлық азаматтар тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде медициналық (шұғыл медициналық көмек, жедел жәрдем бригадасын шақыру, учаскелік дәрігер қабылдауы, т.б.) көмек ала алады", - деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Нұрлыбек Қабдықапаровтың сөзінше, 200 мыңнан аса елордалық МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Ол 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы медициналық сақтандыру жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылғанын тілге тиек етті.

"Бұл олардың жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек алуын, аурулардың алдын алуын, медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатады. Осы ретте енгізілген жаңа төлем механизмі оң ықпал етеді деп ойлаймыз",- деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының директоры.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу