Астаналықтар заңсыз такси жүргізушілерінің қызметін көбірек пайдаланады. Ал, ресми тасымалдаушыларға жүгінетіндер 12 пайыз ғана. Бұл туралы Астана қаласының көлік қызметкерлері ассоциациясында мәлімдеді, деп хабарлайды astanatv.kz.
Ал үкімет осы саладағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 1 сәуірден бастап жеке таксистердің барлығына онлайн кассалық аппарат қондыруды міндеттеп отыр. Осылайша қаржы министрлігі көлеңкелі экономикамен күреспек. Бірақ бұған қарсы келген жеке таксистердің қарасы басым.
Қаржы министрлігіндегілер бұл талап бұрыннан бар екенін айтады. Бірақ, тасымалдаушылар кассаны таксометрге ауыстыра алатын еді. Енді, тек қана ғаламторға қосылған аппарат қолдану қажет. Ал, талапты орындамағандар әкімшілік жауапқа тартылмақ.
"2019 жылдың 1 сәуірінен бастап кезең-кезеңімен 633 қызмет түрі онлайн бақылау машиналы кассасына өтеді. Бұны қаржы министрлігі арнайы бекіткен. Осы арқылы бүкіл кәсіпкерлер онлайн бақылау касса машинасын қолдану қажет", – дейді қаржы министрлігі ҚМҚ қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отар.
Такси жүргізушілері ғана емес, сән салоны, техникалық қызмет көрсететін станциялар мен сату мен қызмет көрсететін кәсіпкерлер де кассалық аппарат орнатуға тиіс. Осылайша, 1 жыл ішінде 633 сала онлайн-кассаға қосылмақ.