Ұлттық экономика министрлігі Ашық НҚА порталына "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Астананы дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңы жобасының реттеуші саясатының консультативтік құжатын жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Құжатта Астана қаласын халықаралық рейтингтерде "Әлемнің үздік қалаларының" бірінші елулігіне енгізу жоспары жайлы жазылған. Қойылып отырған мерзім – 2050 жыл.
Алайда қазіргі таңда Астана халықаралық беделді үш рейтингтің біреуіне де енбеген.
Атап айтқанда, Resonance халықаралық консалтингтік компаниясы түзетін The World‘s 100 Best Cities рейтингінде қалалардың туристік тартымдылығы, өмір сүру, жұмыс істеу және бизнес жүргізуге жайлылығы назарға алынады. Алайда бұл рейтингте Астана аты аталмайды.
Mercer халықаралық консалтингтік компаниясы жыл сайын өмір сүруге ең жақсы қалалардың рейтингіне (Quality of living city ranking) де Астана әлі енген жоқ. Бұл тізімге Қазақстан бойынша тек Алматы (231 ел арасында 177 орын) кірген.
Үшінші рейтингті Еconomist intelligence unit зерттеу компаниясы түзеді. Жаһандық өмір сүруге жарамдылық индексі бойынша жасалатын бұл рейтингте де Алматы бар болғанымен, Астана әлі ене алмай келеді.