Астананың 20 жылдығына арналған шараға үш елдің басшысы қатысты

723

Астананың 20 жылдығына арналған шараға үш елдің басшысы қатысты

Қазақстан президенті Астананың 20 жылдығына арналған салтанатты қабылдауға қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Салтанатты қабылдауға Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының президенттері де қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Астананың 20 жылдығымен құттықтады.

Елбасы "Қазақстан", "Тәуелсіздік" және "Астана" сөздерінің мәні еліміздің әр азаматы үшін айрықша екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Астананың тарихына ерекше тоқталып, Қазақстанның қазіргі елордасы көне Бозоқ қалашығынан бастау алатынын атап өтті.

"Астана ел қамын жеген Едігеден бастап Әз-Тәукеге дейінгі қазақ хандарының ордасы болған. Менің тапсырмам бойынша зерттеу жүргізген астаналық археологтар Есілдің бойындағы Күйгенжар ауылының тұсынан Әз Тәуке ханның жазғы ордасының орнын тапты", – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа елордасының құрылысына атсалысқандардың бәріне ризашылық білдіріп, еліміздің барлық өңіріне Астананың мерейтойына жасаған сыйлықтары үшін алғыс айтты.

"Астананың салынуымен Қазақстанның жаңа дәуірі басталды. Біріншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттілігіміздің барлық институттары орнықты. Астана бүкіл әлем таныған жаңа саяси орталыққа айналды", – деді елбасы.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қазақстанның бүкіл әлемге тәуелсіздік пен Астананың арқасында танылғанын айтты.

Қазақстан президенті Астана Қазақстанның геостратегиялық орталығы ретінде саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа моделінің негізін қалағанын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу