Астананың 2024-2026 жылдарға арналған бюджетіне өзгеріс енгізу ұсынылды

166

Қоғамдық кеңес мүшелері қала бюджетін өзгертуге енгізілген ұсыныстарды көпшілік дауыспен қолдады.

Астананың 2024-2026 жылдарға арналған бюджетіне өзгеріс енгізу ұсынылды Фото: Ақорда

Елорданың Қоғамдық кеңесінде Астана қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті туралы қалалық мәслихаттың 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешіміне өзгеріс енгізу мәселесі талқыланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Сіздердің қарауларыңызға Астана қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджетіне енгізілетін өзгерістер берілді:

Меншік кірістерінің түсімі бойынша жоспарды 24,1 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылады. Оның ішінде салық түсімдері бойынша жоспарды 18 млрд теңгеге, салықтық және түсімдер бойынша нақты түсімдер есебінен 5,3 млрд теңгеге және негізгі капиталдық сатудың түсімдері бойынша 1,1 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылып отыр", – деді өз баяндамасында Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев.

Басқарма басшысы кірістерге сүйене отырып қала бюджетінің шығыс бөлігі қалыптастырылғанын айтты. Сондай-ақ бюджет бағдарламалары әкімшілерінің қажеттілігін атап шықты.

"Санитария, абаттандыру, жарықтандыруды қамтамасыз етуге 5 ауданға 8 млрд 516 млн теңге сомасында қаражат қарастырылған. Оның ішінде Алматы ауданы әкімі аппаратына 2,7 млрд теңге, Байқоңыр ауданы әкімі аппаратына 996 млн теңге, Есіл ауданы әкімі аппаратына 4 млрд теңге, Нұра ауданы әкімі аппаратына 600 млн теңге және Сарыарқа ауданы әкімі аппаратына 70 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылды.

Көлік және жол көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына қосымша 8 млрд 675 млн теңге бөлінді. Оның ішінде жергілікті деңгейде автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтерге 675 млн теңге, әлеуметтік маңызы бар ішкі жолаушылар тасымалын субсидиялауға 8 млрд теңге бөлінді.

Энергетика басқармасына қосымша 5 млрд 603 млн теңге қарастырылуда. Оның ішінде жылу энергетикалық жүйесін дамытуға 2 млрд теңге, жылу маусымын үздіксіз өткізу үшін отын сатып алуға, энергия өндіруші ұйымдардың шығындарын субсидиялауға 3,5 млрд теңге қарастырылды.

Құрылыс басқармасына қосымша 2 млрд 856 млн теңге бөлінді. Оның ішінде №13 орта мектеп қосымша құрылысына 200 млн теңге, мемлекеттік органдардың объектілерін дамытуға 2,5 млрд теңге бөлінді.

Коммуналдық шаруашылық басқармасына қосымша 400 млн теңге бөлінді. Оның ішінде Астана су арнасы атмосфералық жерүсті ағындарын бұруға және тазартуға 400 млн теңге қарастырылды.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына қосымша 2 млрд 973 млн теңге қарастырылды. Оның ішінде абаттандыруды дамытуға 2 млрд 728 млн теңге және жарғылық капиталды қалыптастыру немесе ұлғайтуға 245 млн теңге бөлінді", – деді Қайсар Маңқараев.

Сондай-ақ, спикер жергілікті атқарушы органның басқа да басқармаларына қарастырылған және бөлінген қаржыларды айта келе Астана қаласына 2024 жылға нақтыланған бюджетінің нақты көлемін атады. 

"Енгізілген өзгерістерді ескере отырып, Астана қаласына 2024 жылға нақтыланған бюджетінің нақты көлемі 1 трлн 327 млрд 987 млн теңгені құрайды. Оның ішінде меншікті кірістер бойынша түсімдер 1 трлн 12 млрд теңге, трансферттер мен кредиттер 230 млрд 759 млн теңге, мемлекеттік бағалы қағаздар шығару 54 млрд 961 млн теңге және бос қалдықтар 29 млрд 83 млн теңге болды", – деді ол.

Ұсынысты Қоғамдық кеңес мүшелерінің талқылауы кезінде баяндамашыға бұған дейінгі отырыста айтылған "Астана орманы" ЖШС-ға қосымша қаржы бөлу мәселесіне қатысты сұрақ қойылды. Қайсар Маңқараев бұл жобада аталған компанияға қосымша 245 млн теңге бөлу қарастырылғанын айтты.

Қоғамдық кеңес мүшелері өз кезегінде Дене шынықтыру және спорт басқармасының жыл соңында қомақты қаржыны қайтаруын сынға алды. Бюджет қаржысының әкімшілеріне келесі жылы бюджеттен қаржы сұрарда оның игерілуін де қатаң жоспарлау керегі ескертілді.

Еске сала кетейік, қалалық мәслихат елорданың 2024-2026 жылдарға арналған бюджетін бекіткен. Онда Астананың 2024 жылға жоспарланған кірістері 1 218 915 156,4 мың теңге деп көрсетілген:

– салықтық түсiмдер бойынша – 908 540 892 мың теңге;

– салықтық емес түсiмдер бойынша – 63 140 464,4 мың теңге;

– негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер бойынша – 13 889 913 мың теңге;

– трансферттер түсімдері бойынша – 233 343 887 мың теңге.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу