Елорда күніне орай және қазақтың қуыршақ өнерін бүкіл әлемге танымал ету мақсатында қала әкімдігінің мәдениет басқармасының қолдауымен 25-29 маусым аралығында Астанада қуыршақтар театрлары арасында "Құралай" III Халықаралық фестиваль өтеді.
Биыл оған Қазақстан, Қытай, Перу, Түркия, Сербия, Эстония, Ресей, Өзбекстан елдерінен 13 театр ұжымы қатысады. Биылғы фестивальдің ерекшеліктерінің бірі – арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздарды Астана әкімдігінің "Қуыршақтар театры" жанындағы театр студиясының алғашқы түлектері, яғни балалар анықтайды.
Фестиваль 25 маусым күні сағат 09:30-да қатысушылардың салтанатты шеруімен ашылады, ол "Жастар" сарайынан музыкалық жас көрермен театрының ғимаратына дейін басталады. Сол күні Музада театр апталығының ашылуына арналған гала-концерт өтеді. Оның алаңында қатысушылар көрермендерге өз қойылымдарын ұсынады. Сонымен қатар, танымал әртістер мен педагогтар актерлік шеберлік пен қуыршақтану бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді.