2 шілдеде сағат 12:00-де "Барыс Арена" спорт сарайында өтетін он жылдық тарихы бар "Қазақстан барысы" турнирі маңызды оқиғалардың бірі болмақ.
"Турнир Қазақстан Республикасында ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, ұлттық спорт түрлерімен айналысуға тарту арқылы жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, оның халықаралық аренадағы беделін және қазақ күресін дамыту арқылы ұлттық идея деңгейін арттыру мақсатында өткізіледі", - деп атап өтті спикер.
Турнирге еліміздің әр өңірінен 41 спортшы қатысады. Руслан Әбдіразақов, Нұрдәулет Жарылғапов, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбай, Мақсат Исағабылов және т.б. танымал балуандар қатысады деп күтіліп отыр.
27 маусымда Астанада ерлер мен әйелдер арасында бокстан II Халықаралық "Астана кубогы" турнирі басталды. Барлығы 10 елден 200-ден астам спортшы бақ сынайды. Олардың ішінде Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Моңғолия және өзге де елдердің өкілдері бар. Жарыс алты күнге созылады. Жекпе-жектер Qazsport телеарнасы мен QAZAQ RING YouTube-платформасының тікелей эфирінде көрсетіледі. Бокс күнделікті сағат 14.00-де басталады. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін кіру тегін болмақ.
2 шілдеде Триатлон-паркте BI GROUP IRONMAN 70.3 Astana ірі халықаралық жарыстарында триатлон әуесқойлары бас қосады.
"Сондай-ақ дәстүр бойынша Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорданың 25 жылдығына орай қалалық ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлерінің федерациясы ұйымдастырған бәйгеден республикалық турнир өтеді. Еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық шабандоз "Қазанат" ипподромында жарысады. Жарыс бағдарламасында – 7 шақырымдық бәйге – "Құнан" және "Жорға", 15 шақырымға – "Топ" және 22 шақырымдық бәйге "Аламан" бар. Басталуы – 6 шілде сағат 10:00-де. Өз спортшыларыңызды қолдауға келіңіздер", - деді ол.
Сонымен қатар, 6 шілдеде елорданың 25 жылдығына орай "Толағай алыптары" ашық қалалық турнирі өтеді. Турнирге 18 жастан асқан қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады. Турнир өтетін орын – Орталық саябақтың автотұрағы.
9 шілдеде Амфитеатр алдында "Қажымұқан жолы" мәдени-спорттық жобасын, 9 және 19 шілдеде "Astana Zhuldyzdary" Халықаралық шахмат турнирін, балалар, жасөспірімдер, жастар және ардагерлер арасында "Астана кубогы" шинкиокушинкай каратэден республикалық турнирін өткізу жоспарланып отыр.