Қатысушылар Қосшыға қарай жол бойындағы айналма веложолдан басталған 25 қашықтықты бағындырып, Үркер елді мекеніне барар жолдағы "Жасыл белдеу" саябағында мәреге жетті.
Іс-шараның ашылуына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің комитет төрағасы Жан Галиев қатысып, алда келе жатқан мерекемен құттықтады.
"Баршаңызды Астананың 25 жылдығымен құттықтаймын.
Осы орайда керемет ауа райында ұйымдастырылған велошеру сіздерге керемет көңіл күй сыйлады деп ойлаймын. Аталмыш бәсеке жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Өзім де екінші мәрте қатысып жатырмын.
Алдағы уақытта тек қана велоспорт қана емес, жүзу, жүгіру т.б бұқаралық спортты үгіттейтін мерекелер көп болады сенемін.
Барлықтарыңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын!" - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев.
Бала кезден спортты серік еткен 62 жастағы Елеусіз Пардабай екінші рет осы жарысқа қатысқанын айтып өз ойымен бөлісті.
"Осындай жердегі спортшылар әдемі, энергияға бай, үнемі күліп жүреді. Мен де веложарысқа қатысқанда 62 жастағы зейнеткер екенімді ұмытып кетемін. Сол себепті баршаңызды күнделікті спортпен айналысуға шақырамын.
Мүмкіндіктеріңіз болмаса, жаяу жүруге тырысыңыздар.
Нәтижесінде денсаулықтарыңыз мықты болып, ауырмайтын боласыздар", – дейді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша аталмыш шара спорттық жарыс болып саналмайды, велошерудің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және қала тұрғындарын дене шынықтырумен, атап айтқанда велосипед спортымен белсенді айналысуға тарту болып саналады.
Бұқаралық велошеру аяқталғаннан кейін, мәреде тіркелген велосипедшілер арасында лоторея ойнатылып, қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетсек, бұл шараға жақында ғана Францияда өткен бүкіләлемдік VIRTUS ойындарында велоспорттан 4 күміс жүлде алған Дастан Ордабай мен 400-ден астам қала тұрғыны қатысты.