Астананың білім басқармасы ата-аналардың әлеуметтік желілердегі музыкалық мектептердің бірігуіне қатысты сөздеріне оңтайландыру мәселесі білім сапасын арттыру мақсатында ғана қаралатынын, ата-аналар үшін бұл жерде ешқандай қауіп жоқ екенін түсіндірді, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаевтың айтуынша, мектеп түлектері бұрынғыдай өздерінің дипломдары мен сертификаттарын алатын болады. Бұл оқу процесіне әсер етпейді.
Білім басқармасының хабарлауынша, қазір ведомствода нормативтік-құқықтық актілер зерттелуде. Өзгерістер болған жағдайда әкімшілік-басқару қызметкерлерінің жұмысын қайта қарау жоспарлануда, бұл мектептердің ағымдағы жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
"Жабу немесе қысқарту емес, ірілендіру процесі болжанып отырғандығын атап өткім келеді. Бірыңғай басқару орталығы мен филиалдық желі болады. Бүгінгі таңда біздің жоспарымызға халық үшін қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, ұйымдарды кеңейту кіреді. Бірінші кезекте біз балалардың мүдделерін, ата-аналардың мүмкіндіктерін ескере отырып, шешім қабылдаймыз", - деді Дулат Жекебаев.
Оның айтуынша, қазір Білім басқармасы қосымша білім беру ұйымдары желісін кеңейту бойынша белсенді жұмыс істеуде. Бұл педагогтар штатының ұлғаюын да талап етеді. 2018 оқу жылында музыкалық және көркем мектептер филиалдарының, басқа қосымша білім беру ұйымдарының ашылуы есебінен қосымша 5 мыңға жуық бала қамтылды.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада 1500-ден астам баланы қамтитын оқушылар сарайлары жанынан екі ірі қоғамдық орталық (комьюнити-орталық) ашылады.
Бүгін №68 мектеп базасында Shuǵyla атты осындай орталықтардың бірі ашылды. Орталықта робототехника, ЗD-модельдеу, хореография, бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, вокал, халық аспаптары, ағылшын және қытай тілдері үйірмелері, сондай-ақ тоғызқұмалақ, футбол, баскетбол, волейбол, дзюдо, шахмат секциялары жұмыс істейді.