Оқушылар сарайында елорданың ең үздік медициналық қызметкерлерін құрметтеу салтанатты рәсімі өтті. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев дәрігерлерді құттықтап, алғыс хаттармен бірге өткен жылдың қортындысы бойынша денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне пәтер кілттерін табыстады, деп хабарлайды astana.gov.kz
"Құрметті медицина саласының қызметкерлері, ардагерлері, осынау салтанатты күні сіздерді әкімдіктің атынан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Қала тұрғындары атынан ыстық лебіздеріміз бен шын жүректен құттықтауларымызды қабыл алыңыздар. Медицина саласы қызметкерінің күні – ең адамгершілікке толы, қайырымды және де ең қиын мамандықтарды таңдаған адамдардың мерекесі. Туған күнімізден бастап, өмір бойы сіздердің бақылауларыңыз бен қамқорлықтарыңызда боламыз. Өз істеріңізді құрметпен атқарып, қасиетті парыздарыңызды барынша орындауға еңбектенесіздер. Бүгін біз медицина қызметкерлеріне 25 Құрмет грамотасын, 25 алғыс хат табыстаймыз. 10 ақ халатты абзал жанға пәтер кілттерін табыстағым келеді", – деді қала әкімі.
Қазақстанның денсаулық сақтау саласының дамуына сүбелі үлес қосқандарға құрмет грамоталары берілді. Өз міндетін мінсіз атқарғандарға "Денсаулық сақтау iciнiң үздiгi" және "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" төсбелгілері табысталды. Сондай-а,қ Астана қаласы әкімдігінің денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша кешенді жоспарын жүзеге асыру аясында қалалық жедел жәрдем станциясына қатысты бірқатар шаралар өткізілді.
Өткен жылы 35 пәтер берілген және дәрігерлердің балалары үшін балабақшаларда 120 орын бөлінген. 2016 жылы 15 медициналық арнайы көлік сатып алынған. Осы жылы қосымша заманауи құралдармен жабдықталған 49 автомашина алынған. Бүгінгі таңда Астанада 37 медициналық мекемеде 3606 дәрігер және 6579 орта деңгейдегі қызметкерлер еңбек етеді.