Астана қаласында Медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтау салтанаты болып өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Елорданың денсаулық сақтау саласына елеулі үлес қосқан алты қызметкер қала әкімі Әсет Исекешевтің қолынан пәтер кілтін алды.
Олардың қатарында, Астана қаласы Онкологиялық орталығының онколог-хирургы Әнуар Әбдікәрімов, № 1 қалалық ауруханадағы тамыр хирургия бөлімінің дәрігер-ангиохирургы Азамат Абдуллинов, № 1 қалалық аурухананың травматолог-ортопед дәрігері Аян Сүлейменов, № 2 балалар ауруханасының хирургиялық инфекциялар бөлімінің меңгерушісі Жұматай Макенов, № 2 қалалық балалар ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері Олжан Байназаров және Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Жанна Есқалиева бар.
"Қазіргі күнде кей медициналық мекемелер 150 пайыз жүктемемен жұмыс жасауда. Қазақстандықтардың көпшілігі Астанаға келіп емделгісі келеді. Осы көрсеткіштің артында сіздердің маңдай тер еңбектеріңіз, мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңыз тұр. Мен мұны жай айтып тұрғаным жоқ, анам дәрігер-педиатр. Бала күнімнен бастап сырқат адамға жаны ашу, оның жағдайын ойлау, көптеген қағаз толтыру, түнгі кезекшілікке бару дегендей, сіздердің жұмыстарыңызға қандай жауапкершілікпен қарайтындарыңызды білемін", – деді әкім.
Бүгін Астана қаласында алғаш рет медицина саласының қызметкерлеріне арналған "ALTYN SHIPAGER" премиясын табыстау салтанатты рәсімі өтті. 12 аталым бойынша медицина саласының ең үздік мамандары марапатталды. № 1 қалалық аурухананың оториноларингология орталығының меңгерушісі Гүлмира Мұхамадиева жыл дәрігері атанды.
"Астана қаласының 20 жылдығы құрметіне біз "Алтын шипагер" премиясын белгіледік. Бізде түрлі сала бойынша әртүрлі марапаттар бар. Дәрігер мамандығын әлемдегі ең асыл мамандық деп санаймыз және ол расымен өте маңызды", – деді Әсет Исекешев.
Қонақтарды отандық эстрада жұлдыздары Сүндет Байғожин, Бауыржан Исаев, Дастан Оразбеков, Қайрат Баекенов, ағайынды Жүгінісовтер, Жеңіс Ысқақова, Сергей Цырульников, мемлекеттік "НАЗ" би театры және басқалар құттықтады.