Бүгін Астанада алғаш рет "1000 орын - көше саудасы" пилоттық бағдарламасын түсіндіру бойынша ашық есік күні өтуде. Шараны елорданың Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы ұйымдастырған. Акция бір терезе қағидаты бойынша өткізілуде, оған қаланың барлық жауапты басқармалары мен ведомстволарының, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының, Коммуналдық меншік қорының өкілдері, үш ауданның әкімдіктері қатысуда. Бағдарламаның операторы - "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы.
"Бұл пилоттық бағдарлама, оның тар және түйткілді жерлері бар, сол себепті бүгінгі кездесудің көздеген мақсаттарының бірі бағдарламаны танымал ету ғана емес, сол мәселелердің шешімін табу болып табылады. Кәсіпкерлерді алаңдатқан барлық мәселелер бойынша кеңес беріп, жедел шешім қабылдау үшін бұл жерге барлық мемлекеттік органдар жиналды", - деп мәлім етті Астана қ. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Рыскүл Қауғабаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, таңертеңнен бастап шара басталған бір сағаттың ішінде акцияға 300-ге жуық кәсіпкер қатысқан. Олардың арасында ісін енді бастаған стартаперлер, көше саудасында ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер және аталған бағдарламаның құралдары және басқа бағдарламалар бойынша сұрақтары бар азаматтар бар.
"1000 орын - көше саудасы" бағдарламасы қоғамдық тамақтану саласында фастфуд, фудкорд сияқты көше саудасын ұйымдастыру және жұмыс істеу құқықтарын береді. Ведомство мамандарының атап көрсетуінше, кәсіпкерлер үлкен дайындықпен келген, олар сауда нүктелерін ұйымдастыруға шығармашылық және бірегей тұрғыда қарауға тырысады.
Сауда нысандарын қаланың жалпы келбетімен үйлестіру үшін арнайы форматтар әзірленген, егер павильон болса, жалпы ауданы 9 шаршы метрден кем болмауға тиіс. Көше саудасын ұйымдастыру үшін кәсіпкерге құжаттардың стандартты жиынтығы қажет: жеке кәсіпкер куәлігі, немесе заңды тұлға статусының куәлігі, бюджет алдында қарызының жоқтығы туралы анықтама, өтініш және павильонның сыртқы түрі (қозғалмалы қондырғы, мобильдік кофехана, және т.б.). Осы ретте әрбір учаскенің арналған мақсаты, аудан көлемі және заңды мекен жайы бар, келісімге қол қойылған кезде кәсіпкерге сауда нүктесінің орналасу орны көрсетіледі.