Биыл Астана қаласының кәсіпкерлеріне, оның ішінде көше саудагерлеріне QR-код тағайындалады. Аталған цифрлық технологияны пайдалану бас қаланың көшелеріндегі жабайы сауданы азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Елорда Инфо.
"Жабайы сауданы азайту үшін біз цифрлық технологияны, атап айтқанда адал және заңды түрде жұмыс істейтін кәсіпкерлердың сауда нысандарына QR-код тағайындаймыз. Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлеріне планшеттер таратып бердік. Соның көмегімен олар жедел түрде заңсыз жұмыс істейтін кәсіпкерлерді анықтап, сол жерде Е-айыппұл бағдарламасы бойынша әкімшілік айыппұл жазып беретін болады", - деді Елорда Инфо тілшісіне Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рысгүл Қауғабаева.
Оның айтуынша, тек 2017 жылы жергілікті полиция қызметкерлері Жер қатынастары басқармасы және аудандық әкімдіктермен бірлесіп, рұқсат етілмеген жерде саудамен айналысқаны үшін 3096 адамға жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сондай-ақ өткен жылы Астананың көше саудагерлері бірыңғай формаға көшкен болатын.
"Біз бірыңғай форманы қолдан жасау оқиғасын бақылаған жоқпыз. Бірақ кәсіпкерлердің айтуынша, кейбір жабайы саудагерлер ол форманы қолдан жасап алған", - деді Рысгүл Қауғабаева.