"Астана LRT" ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов қоғамдық көліктегі тарифтерге қатысты пікір білдіргенде қалалық қоғамдық көлікке сараланған тариф енгізілетінін айтты.
Аталған тарифке сәйкес елорданың жеңілдік санаты бар азаматтары бұрынғыдай қоғамдық көлікте тегін жүре береді. Жалпы сараланған тарифке қоғамдық көлік саласындағы қаражаттың "көлеңкелі" айналымнан кету және қала бюджетіне ақша түсімдерін арттыру мақсатында бастамашылық етілген. Түскен қаражат елорданың көлік жүйесін дамытуға жұмсалады.
"Сараланған тариф енгізілген кезде қоғамдық көлікте жол жүру құны көлік картасымен төлеу кезінде 90 теңгені құрайды. Ал қоғамдық көлікті жиі пайдаланбайтын немесе карта алуды қажетсінбейтіндер үшін жол жүру құны 180 теңге болады. Бұл жолаушыларға қоғамдық көлікте қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшуге жақсы себеп болмақ әрі ол төлем жүйесінің ашықтығына оң ықпалын тигізері анық", - деді Бекмырза Игенбердинов. Қаулы жобасына сәйкес, қалалық бағдарларда жолақысын қолма-қол төлеу кезінде 180 теңге, экспресс бағдарларда 250 теңге беру қажет болады. Ал автобустағы картамен төлем жасауға арналған құрылғы жұмыс істемеген кезде жолаушыларға тегін жүруге болады.