Астананың "құрметті педагогтері" мен "үздік білім беру ұйымдары" марапатталды

567

Қазақстан биыл алғаш рет мұғалімдер күнін бүкіл әлеммен бірге атап өтті.

Астананың "құрметті педагогтері" мен "үздік білім беру ұйымдары" марапатталды Фото: egemen.kz

5 қазан  қадірлі ұстаздарымыз үшін еңбектері еленген, мәртебесі көкке көтерілген күн болды. Оның бір дәлелі  Астана қаласы білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен "Қалдырған ізін мәңгілік" атты мерекелік іс-шарасы. Салтанатты кеш барысында қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жиналған қауымды мерекемен құттықтап, бірқатар ұстазды марапаттады.

Бұл залда білім саласында аянбай еңбек етіп, жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарған 1600 педагог отыр. Олардың қатарында білім беру ұйымдарының ұстаздары, республикалық съезд өкілдері, педагог-ардагерлер мен қоғам қайраткерлері бар. Бұл шара олардың ерен еңбегі қашанда жоғары бағаланатынын, мәртебесі биік тұратынын көрсетеді.

"Біздің қаламызда 23 мыңнан астам ұстаз еңбек етеді. Әрқайсының еңбегінің еленгенін қалаймыз. Ең үлкен еленген еңбек  ол ата-аналар мен балалардың ризашылығы. Сол бүгін таңертеңнен бері әр мектепте, балабақша, колледждерде іс-шаралар өтіп жатыр. Сол жерде біздің байқағанымыз  ұстаздарға ата-аналардың тарапынан көптеген ризашылықтарын білдіріп жатыр", - деді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Жиын барысында ерен еңбегімен көзге түскен білім саласының үздіктерін қала әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтап, марапаттарын табыстады. 5 ұстаз Астана қаласының "құрметті педагогі" атағын алса, 3 білім ордасы елорданың "үздік білім беру ұйымы" номинациясын иеленді. Ұстаздарға 1 миллион, ал оқу ордаларына 10 млн теңгенің сертификаты берілді. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің атынан "Еңбек ардагері", "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" медальдары табысталды.

"Әрине, осы біздің 30 жылдық тәжірибеміздің арқасында еңбегіміз еленіп жатқанына көптен көп рақмет айтам Астана қаласының әкімдігіне, білім басқармасына. Осындай марапаттар біздерге демеу болады, біздерге жігер болады", - дейді Астана политехникалық колледжінің арнаулы пәндер оқытушысы Гүлнар Әбдірайымова.

Марапаттар табысталған соң, концертте ұстаздарға арнайы түсірілген бейнебаян көрсетіліп, қазақ эстрадасының жұлдыздары Роза Рымбаева, Лұқпан Жолдасов, Әміре, Ержан Максим, Света Құдайбергенова сынды әншілер өнер көрсетті. Олар да өздеріне және балаларына қалам ұстатып, білім берген мұғалімдеріне алғыстарын жаудырды.

Биыл алғаш рет елімізде педагогтер съезі өткізіліп, кәсіби мереке жоғары деңгейде аталып өтті. Бұл саланың жаңа қарқын алып, дамуына тың серпін береді, - дейді ұстаздар.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу