Елордалық өнер ұжымдарының еліміздің бас қаласының 20 жылдығының құрметіне Қазақстанның барлық қалалары бойынша үлкен гастрольдік туры жалғасуда, деп хабарлайды 24.kz.
Астананың мәдениет күндері Атырауда қорытындыланды. Астаналықтар мұнайлы өлкедегі өнерсүйер қауым үшін үшін нағыз тосынсый жасады. Екі күн бойына елорданың өнер ұжымдары халық әндері мен күйлері, фольклорлық және эстрадалық би, классикалық және эстрадалық вокал солистері көпшілікке рухани нәр силап, өз өнерлерін ортаға салды. Қонақтар Атыраудағы сапарын "Астанадан ақ тілек" атты гала-концертпен қорытындылады.
Сондай-ақ осы мәдени күндер аясында түрлі танымдық көрмелер, бизнес және іскерлік кездесулер ұйымдастырылып, Атырау облысы мен Астананың әкімдіктері арасында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында бірқатар келісімдер жасалды.