Астананың тәртіп сақшыларын дүрліктірген ақпарат жалған болып шықты

1121

Астананың тәртіп сақшыларын дүрліктірген ақпарат жалған болып шықты

Астанада Министрліктер үйінің алдында, Қонаев және Орынбор көшелерінің қиылысында полиция қызметкерлері қоғамдық автобустардың бірі тоқтатып, қоршауға алған болатын. Астана қаласы ІІД баспасөз қызметі осы оқиғаға байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Baq.kz.

"ІІД жедел басқару орталығына №51 бағыттағы автобуста күртесінің астынан броньді жилет киіп, қолына шабадан ұстаған күдікті ер азамат кіргені жөнінде хабарлама келіп түсті. Ақпарат түскен бойда полицейлер автобусты бейнебақылау камералары арқылы анықтап, оған полиция жасағын жөнелтті. Тексеру кезінде ешқандай күдікті зат табылмады. Ақпарат расталған жоқ", – деді Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі София Қылышбекова.

Естеріңізге сала кетейік, елордада тапа-тал түсте орталық көшелердің қиылысында оқыс оқиға болды. Тәртіп сақшылары жол қозғалысын шектеп, қоғамдық автобустардың бірін қоршауға алды.

Оқиға орнына келіп жеткен арнайы қызмет мамандары қандай да бір ресми ақпарат беруден бас тартты.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, қоршауға алынған автобусқа "жарылғыш қойылды" деген хабарлама түскен. Тәртіп сақшылары ол ақпараттың расталмағанын айтып, жиылған жұрттың тарауын өтінген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу