Астананың жаңа вокзалы мен әуежайы алғашқы жолаушыларды 1 маусымда қабылдайды

619

Астананың жаңа вокзалы мен әуежайы алғашқы жолаушыларды 1 маусымда қабылдайды

Астананың жаңа теміржол вокзалы мен әуежайының жаңа терминалының құрылысы осы айдың соңына дейін аяқталады, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Мұны үкімет үйінде мемлекет басшысының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауын іске асыру жұмысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

"Мамыр айының екінші онкүндігінде, шамамен 15-і күндері, екі нысанның да құрылыс монтаж жұмысы аяқталады. Он шақты күн ішінде сынақ жүргізіледі, вокзалда да, әуежайда да алғашқы жолаушыларды 1 маусым күні қабылдауды жоспарлап отырмыз", – дейді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, министр жаңа әуежайдың үлкен жолаушылар легін қабылдайтын мүмкіндігі болатынын айтты.

"Биыл біз пилоттық режімде елордаға "ашық аспан" жүйесін енгіздік, яғни әлемнің кез келген жерінен аптасына жеті рет әуе компаниясы Астанаға қатынай алады", – дейді министр.

Бұл ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесін өткізуге орайластырылған, дегенмен егер жоба сәтті жүзеге асса, әрі қарай да жалғасады.

Министр жаңа бағыттар мен қосымша жиіліктер туралы да айтып берді.

"Бізде осы айда жаңа төрт бағыт: Варшава, Хельсинки, Будапешт, Пекинге рейс ашу туралы нақты жоспар бар", – дейді ол.

Air China алғаш рет Пекиннен Астанаға қатынайды. Бұған дейін тек Air Astana ұшқан болатын.

Бұдан өзге, аптасына қосымша 11 жиілік енгізіледі, мысалы: Лондон, Сиань, Пекин.

"Жалпы, ЭКСПО кезінде қосымша 300 мың шетелдікті, Қазақстан өңірлерінен – 160 мың қонақты қабылдау жоспарымызда бар", – деп сөзін түйіндеді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу