Сеулде танымал оңтүстік кореялық Astro тобының жетекшісі, 25 жасар Мунбин (MoonBin) пәтерінде өлі күйінде табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz Yonhap сілтемесімен.
Полицияның хабарлауынша, кешкі сағат 8:10 шамасында Сеулдің оңтүстігенде орналасқан Мунбиннің пәтерінде оның өлі денесі табылды. Оның қаза тапқанын бірінші болып, оны үйіне іздеп келген менеджері хабарлады.
Оның денесінде зорлық-зомбылықтың ешқандай нышаны болмағандықтан, полиция әртіс өз-өзіне қол жұмсады деп топшалап отыр, бірақ әдетте өмірімен қоштасар алдында қалдырылатын хат та табылмады.
"Біз Мунбиннің үйінде жалғыз өзі тұратынын анықтадық. Әзірге ол өз-өзіне қол жұмсады деп санасақ та өлімнің нақты себебін анықтау үшін аутопсия жасалады", - деді оның атын атамауды сұраған полиция қызметкері.
Fantagio тобының агенттігі (орындаушының музыкалық лейблі) оның қайтыс болғанын ресми жариялады.
"Astro мүшесі Moonbin аспандағы жұлдыз болу үшін бізді кенеттен тастап кетті", - деді Fantagio бейсенбіде топтың ресми онлайн фан-парақшасында. "Оның қазасы Astro тобының барлық мүшелеріне, жалпы Fantagio қызметкерлеріне ауыр тиді. Жақындары мен жанкүйерлеріне көңіл айтамыз".
2016 жылы секстет мүшесі ретінде дебют жасаған Мунбин "Crazy Sexy Cool", "Baby" және "Confession" хиттерімен танымал топтың белсенді вокалисті болды.