Астық экспорттаушыларға қосылған құн салығы екі жолмен қайтарылады

687

Қаржы министрлігі мен "Атамекен" ҰКП пилоттық жобасына жетекші астық экспорттаушылар қатысуда. Бұл тізім әлі де кеңейтілмек.  

Астық экспорттаушыларға қосылған құн салығы екі жолмен қайтарылады

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҚМ МКК төрағасының орынбасары Қайрат Миятов мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz.

Оның айтуынша, пилоттық жоба нарықтағы заңсыз әрекеттерге қарсы тұруға бағытталған. 

"Пилоттық жобада ҚҚС қайтаруды екі жолмен жүзеге асыру қарастырылады. Біріншісі камералдық бақылау жүргізбестен 15 жұмыс күні ішінде төлеу. Бұл ретте бюджеттен қайтарып алуға ұсынылған салық сомасына банк кепілдігі болуы қажет. Екінші жолы – Мемлекеттік кіріс органдары жүргізетін камералдық бақылаудан кейін күнтізбелік 100 күн ішінде. Бұл ретте банк кепілдігі талап етілмейді", – деп атап өтті спикер.

Ал егер экспорттаушылардың көрсеткен сомаларында салықтық алшақтық анықталса, аталған кезеңде оның бұл бұзушылықтарды өз бетінше жоюға құқығы бар. Содан кейін мәлімделген және расталған ҚҚС сомасы қайтарылады. 

"Айта кетейін, пилоттық жобада ешқандай айыппұл санкциялары қолданылмайды. Мұнда салық төлеушіге және оның жеткізушілеріне салық заңнамасының бұзушылықтарын жоюға және қосымша салық есептілігін ұсынуға, сол арқылы осы сәйкессіздіктерді жоюға мүмкіндік беру қағидаты қолданылады. Пилоттық жобаның мәні жеткізілім байланыстарын азайту үшін жосықсыз жеткізушілер тізбегін, яғни әр түрлі тиімсіз шығындарды қысқарту. Ол үшін "Атамекен" ҰКП базасында ақпараттық ресурс жасалды. Онда салықтық бұзушылықтар туралы мәліметтер ұсынылған", – деді спикер. 

Бұл мәміле жасағанға дейін оңтайлы жеткізушіні таңдауға мүмкіндік береді, яғни егер жеткізушінің салық есептілігінде қандай да бір қателігі болса, ол сайтта көрініп тұрады. Жеткізуші өзінің беделіне нұқсан келтірмеуге, осы тізімге енбеуге тырысады. 

"Мәмілелер жасалғаннан кейін барлық қатысушылар жеткізушілерден бұзушылықтардың бар екендігі туралы ақпарат алады. Олар барлық сатып алушыларды немесе жеткізушілерді хабардар ету үшін осы ақпаратты жария етуге келісті. Оларда бұл бұзушылықты жедел жоюға мүмкіндік алды", – деді Қайрат Миятов.

Пилоттық жоба шеңберінде астықтың қозғалысын бақылауға болады. 

"Ол үшін "Qoldau" ақпараттық жүйесінде астық айналымы бойынша операцияларды есепке алу үшін "AstyqQoima виртуалды астық қоймасы" модулі әзірленді", – деді комитет төрағасының орынбасары.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу