Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов инспекторларды Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бізде элеваторлар дайын емес екен. Астықты өңірлердегі фермерлер "элеваторлар қабылдамайды" деп айтады. Меніңше, Азық-түлік корпорациясы өте нашар жұмыс істеді, уақытында элеваторды босатпады. Осы Азық-түлік корпорациясының жұмысы туралы сұрағым бар. Күзде 2 млн тоннадай астық шығарылды. Соның 20 пайызы ғана корпорация шығарған екен. Қалғаны трейдерлермен шығарылды. Неге Азық-түлік корпорациясының жұмысын солай ұйымдастыра алмаймыз? Екінші мәселе элеваторларға қатысты. Фермерлер элеваторларда қабылдаған кезде астықтың сапасын төмендетеді деп айтып отыр. Бұрын инспекторлар болған кезде бізде тетіктер болатын", – деді Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов.
Сөзінше, бүгінде жергілікті әкімдіктер осы мамандарды басқа салаға жібергендіктен, элеваторлар тексерілмейді.
"Осы инспекторларды Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына қайтаруға жұмыс істейсіздер ме? Фермерлер биыл күнбағыстың көлемі көп деп айтып отыр. Бірақ Павлодар облысы екі жылда бермей жатыр. Фермерлердің сөзінше, қайта өңдеу зауыттары оның бағасын 120 мың теңгеге дейін төмендетеді. Шетелде оның бағасы 200 мың теңгеден астам екенін білеміз", – деп сұрады мәжілісмен министрге.
Ауыл шарушылығы министрі Айдарбек Сапаров "Азық-түлік корпорациясы" жұмыс істеп жатқанын айтты.
"Трейдерлер мен корпорацияны салыстыруға болмайды. Олар 12 пайыз қосымша құн салығын қайтарып алады. Нөлдік мөлшерлемп бойынша жіберсе де, 12% ҚҚС олардың пайдасы. Корпорацияға ондай 12 пайыз қосымша құн салығы келмейді. Олармен бәсекеге түсу өте қиын. Сондықтан да заңға өзгеріс енгізейік деп едік. Үкіметте мәселені көтердім, олар рұқсат берді. Тиісті қорытындыны алып, сіздергк ұсынамыз. Бүкіл фермерге, шаруашылықтарға көмектесіп отырған корпорация. Мойнына бүкіл қарыз алып жатқандар да солар. Бірақ 12 пайыз ҚҚС жоқ. Өзбекстан, Тәжікстаннан трейдерлер келіп, осы жақта тіркеуден өтеді. Біз оларға береміз, басқа мемлекетке ақша кетіп жатыр", – деді ведомство басшысы депутаттың сауалына берген жауабында.
Министр бұрын элеваторларда техникалық базаны инспекторлар қабылдағанын еске салды.
"Қазір ол жұмыс нашар жүріп жатыр. Біз кезінде жергілікті атқарушы органдарға осы құзыретті бергенбіз. Әкімдіктердің бәріне осы мәселе бойынша хат жолдадық. Олар элеваторларды тексеретін астық инспекторларын айқындауы қажет. Ондай болмаған жағдайда бұл штаттық бірліктерді бізге қайтару туралы мәселе көтеретін боламыз. Бізге қайтаратын болса, онда облыстарда астық бақылайтын инспекторларымыз болады", – деп атап өтті ол.