Астық қабылдау кәсіпорындарына қосымша табыс алу тетігі енгізіледі

1146

Бұл туралы агроөнеркәсіптік кешенді реттеуге арналған заң жобасын талқылау барысында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті. 

Астық қабылдау кәсіпорындарына қосымша табыс алу тетігі енгізіледі

Астық қабылдау кәсіпорындарына қосымша табыс алу тетігі енгізіледі. Бұл туралы парламент мәжілісінің жалпы отырысында агроөнеркәсіптік кешенді реттеуге арналған заң жобасын талқылау барысында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімшілік кедергілерді жою мәселесіне тоқталған министр "196 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорнының негізгі қызметі "Астық туралы" ҚР заңында белгіленген тізбемен шектелген. Аталған кәсіпорындар теміржолдарды басқа субъектілердің пайдалануына беру, жарма өнімін өткізу, майлы тұқымдарды өңдеу және өткізу тәрізді қосымша қызметтерді көрсете алады. Осы мүмкіндіктер "Астық туралы" заңда көзделмеген, бұл астық қабылдау кәсіпорындарына қосымша табыс алуға мүмкіндік бермейді. Қолайлы бизнес орта құру мақсатында заң жобасымен "Астық туралы" Заңға өзгерістер енгізіледі, ол өзгерістер астық қабылдау кәсіпорындарының жоғарыда аталған қызмет түрлерімен айналысуына құқық береді", – деді Сапархан Омаров.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамсына сәйкес, залалданған өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеуге тыйым салынған. Алайда Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптарына сәйкес, егер карантиндік арамшөптердің тұқымдары мен жемістерін тіршілік қабілетінен айыратын технологияларды қолданса, астық өңдейтін ұйымдарға залалданған шикізатты өңдеуге рұқсат етілген.

"Отандық жеткізушілердің осы жағдайын еңсеру үшін заң жобасында, егер, карантиндік арамшөптердің тұқымдары мен жемістерін тіршілік қабілетінен айыратын технологияларды қолданса, залалданған шикізатты өңдеуге қойылған тыйымды алып тастау көзделеді",– деді министр.

Айта кетейік, заң жобасында жоғарыда аталған түзетулерден басқа, орман және су шаруашылығын, жануарлар әлемін және ерекше қорғалатын аумақтарды дамыту бойынша өзгерістер көзделеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР парламенті мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу