Астық өзімізге де жетеді, Қытайға да тасымалдаймыз – Смайылов

524

Осымен екінші жыл қатарынан күрішке арналған алқаптар қысқартылды.

Астық өзімізге де жетеді, Қытайға да тасымалдаймыз – Смайылов Фото: inbusiness.kz

"Астық өзімізге де жетеді, Қытайға да тасымалдаймыз". Үкімет басшысы егін жиналмай жатып, осындай позитивті болжам жасап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Тіпті, экспортқа да жөнелтуге дайын. Алайда, Әлихан Смайылов астықтың шықпай қалу қаупін де жоққа шығармайды. Себебі биыл кей өңірде жауын-шашын мөлшері нормадан аз түсуі мүмкін. Мұны ескерген министр Ербол Қарашөкеев дақыл көлемін болжай алмай, қиналып қалды. Сәуегейлік танытудан тартыншақтаған ол: "астық жаман болмайды" деп қысқа қайырды. 

Осымен екінші жыл қатарынан күрішке арналған алқаптар қысқартылды. Себебі, елімізде дақылға қажетті су жетіспей жатыр. Әрі синоптиктер жауын-шашын әдеттегіден аз түсуі мүмкін екендігін жарыса жазып жатыр. Әсіресе, шілде-тамыз айларында батыс пен оңтүстікте аптап ыстық тұратын сияқты. Сондықтан министр биыл астықтың қалай шығатынын дәл айта алмады.

"Егіннің енді азды-көпті өсімнің шығымын күту керекпіз. Қазір алдын-ала мына факторларды алатын болсақ, бізге орташа жылдық көлемдегі астықты болжап отырмыз. Бидайды алатын болсақ, 16 млн тонна деңгейінде болжанып отыр. Астық жаман болмайды", - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

ЗКТ: Қалай болса да, Үкімет басшысы шыққан өнім елімізге артығымен жететініне сенімді. Артық болғандықтан Қытайға да тасымалдамақпыз.

"Биыл Қазақстан астықты Қытай халық республикасына жеткізе бастады. Мысалы, ауа райы қолайсыз болып, астық шықпай қалған күннің өзінде біздегі ішкі қажеттілік ең аз жиналатын көлемнен екі есе төмен екенін айта кету керек. Яғни, астықтың көлемі елдегі ішкі сұраныс пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді", - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Бүгінде барлық облыста дала жұмыстары аяқталды. Тек Ұлытау өңірінде жауын-шашыннан шаруа созылып кетті. Жалпы, егістік аумағы 23 млн гектар болды. Алқаптарға тұқым жеткізуде ешқандай проблема болған жоқ,- дейді министр. Енді тек дақылдарды күтіп-баптау мәселесі тұр.

"Облыс әкімдері егіс алқаптарын арамшөптер мен зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын бақылауға алуы керек. Сонымен қатар өсімдіктерді қорғау жөніндегі іс-шаралар тізбесі мен субсидиялау нормативтерін бекіту қажет", - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Биыл Үкімет шаруаларға 140 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлді. 31 млрд теңге минералды тыңайтқыш алуға жұмсалды. Өнім тек отандық компаниялардан алынып отыр. Сондай-ақ, күзгі жинау науқанына да жеңілдік жасалмақшы. Дизель арзан бағамен беріледі. Әлден өтініш бойынша кесте әзірленіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу