Асық ату мен бес асықтан Қазақстан ұлттық құрамасы Бурабайда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңындағы кезекті оқу-жаттығу жиынын бастады. 25 шілдеге дейін созылатын оқу-жаттығу жиыны Щучинск қаласындағы Қысқы спорт түрлерінен республикалық олимпиадалық даярлау орталығының базасында өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Оқу-жаттығу жиынына Астана, Шымкент қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан облыстарынан келген ұлттық құрама мүшелері жиналды. Мұнда асықшылардың алаңсыз жаттығу жасап, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тыңғылықты дайындалуына барлық жағдай жасалған. Аталған байрақты бәсекеде жеңімпаз атану үшін бар күшімізді саламыз", - деді Асық атудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жомарт Сабыржанұлы.
Бұл – асықшылардың жыл басынан бері өткізіп жатқан төртінші оқу-жаттығу жиыны. Соңғы жиын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында Астана қаласында өтеді деп жоспарланған.
Еске сала кетейік, Республикалық асық ату федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге бәйге, көкпар, аударыспақ, садақ ату, жамбы ату, құсбегілік, тоғызқұмалақ, теңге ілу, "JORYQ" ат спорты федерациялары бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, "Altyn Qyran Foundation" Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.