Асыл тастарды заңсыз өндіріп, саудалаған қылмыстық топ ұсталды

544

Қарағанды облысында асыл тастарды заңсыз өндірумен және сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Асыл тастарды заңсыз өндіріп, саудалаған қылмыстық топ ұсталды Фото: polisia.kz

"Жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен және "Арлан" арнайы мақсаттағы бөлінісімен бірлесіп, асыл тастарды өндірумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топты ұстады", - делінген полиция мәліметінде.

Күдікті ретінде Қарағанды қаласының және Павлодар облысының 4 тұрғыны ұсталған. Олар асыл тастарды (аметист, мүкті ақық, зауза ақық, көгілдір ақық, варецит) заңсыз сатып алу бойынша мәміле жасау кезінде Қарағандыдағы кеңседе қолға түскен.

"Павлодар облысының 2 тұрғыны асыл тастарды Қарағанды қаласының 2 тұрғынына беру үстінде ұсталды. Тастар заңсыз жолмен Павлодар және Қарағанды облыстарының аумағында далалық жерде өндірілгені анықталды. Қылмыстық кодекстің 334-бабы 3-бөлігі бойынша ("Қылмыстық топ болып жер қойнауын өз бетінше пайдалану") тіркелді. Бұл бап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Кеңседе және ұсталғандардың тұрғылықты жерін тінту жүргізу кезінде жарты тоннадан астам (550 кг) асыл тастар, 27 мың АҚШ доллары, 3,5 млн астам ресей рублі, 600 мың теңге, сондай-ақ тастарды өңдеуге арналған жабдық және атыс қаруының оқ-дәрілері алынды", - делінген полиция хабарламасында.

Сондай-ақ мәліметке сәйкес, полицейлер Қарағанды қаласынан 130 шақырым жердегі даладан иесіз карьерді анықтады. Оның аумағында ұсталған күдіктілердің үш көмекшісі анықталды және тағы 38 кг түрлі асыл тастар алынды. Қылмыстық іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу