– Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ірі қара саны 8,5 млн-ға жетті. Оның ішінде сиыр – 4,5 млн. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 % көп. Төл алу көлемі едәуір өсіп, 2,8 млн басқа жетті (өсім – 17,9%), – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, елде ет өндірісін одан әрі ұлғайтуға жеткілікті база бар. Сондықтан бұл жағдай тапшылық қаупін болдырмайды.
– Барлық түрдегі ет өндірісі оң динамиканы сақтап келеді. Осы жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өндіріс өсімі 102,6 пайызды немесе 816,3 мың тоннаны құрады (2024 жылы – 795,8 мың тонна). Соның ішінде қаңтар-қыркүйек айларында 282,3 мың тонна сиыр еті, 88,6 мың тонна қой еті, 115,4 мың тонна жылқы еті өндірілді, – деп аталып өткен АШМ мәліметінде.
Мал шаруашылығы саласын субсидиялау ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығымен бекітілген "Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары" аясында жалғасып жатыр.
– Қолданыстағы субсидиялау бағыттары сақталады және белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, министрлік асыл тұқымды мал сатып алған кезде субсидия нормативін ұлғайтып, қағидаларға өзгерістер енгізіп жатыр. Қазіргі кезде бұйрық жобасы ҚР Әділет министрлігінде келісуде тұр. Фермерлерден субсидиялау Қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар келіп түскен жағдайда, олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарастырылып, негізделген қажеттілік болған кезде тиісті өзгерістер енгізілетін болады, – дейді АШМ мамандары.