АШМ: Қолданыстағы әдіс-тәсілдер күткен нәтижеге жеткізбеді

1005

Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды. 

АШМ: Қолданыстағы әдіс-тәсілдер күткен нәтижеге жеткізбеді

Баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуына қарағанда, малдың генетикалық әлеуетін жоғарылату бойынша қолданыстағы әдістер мен тәсілдер осы уақытқа дейін күткендей нәтиже бермеді.

"Мал шаруашылығында оң өзгерістерге жету үшін өсіріп отырған мал тұқымдарының генетикалық әлеуетін көтеру, республикада мал өнімділік деңгейін жоғарылату және мал санының өсу қарқынын жеделдету бойынша селекциялық асыл тұқымды жұмыс жүргізуді жетілдіру қажет. Осыған байланысты 13-бапта уәкілетті органның құзіреттері толықтырылды", – дейді министр.

Толықтыру мынадай:
1. Жануарларды индексті бағалау қағидаларын даярлау және бекіту. Индексті бағалау мал иесінің жануарлардың пайдалы белгілерін дамытуға қажет. Мысалы, етті бағытта – төлдің туғандағы және енесінен ажыратқандағы тірідей салмағы, сүтті бағытта – төлдеудің жеңіл болуы;
2. Жануарларға молекулярлық-генетикалық сараптама жүргізу қағидаларын даярлау және бекіту. Бұл сараптама асыл тұқымды малдың шығу тегі туралы нақты ақпарат береді;
3. Геномдық бағалау жүргізу қағидаларын даярлау және бекіту. Бұл малдың асыл тұқымды екенін ерте жаста анықтау және жануарларды күтіп-бағу шығындарын азайтуға, аталықтарды сұрыптау қарқынын жоғарылату арқылы бағалауға ең мықтыларын қоюға, әрбір тұқым бойынша тиімділікті және генетикалық прогрессті арттыруға мүмкіндік береді.

Министрдің айтуынша, заң жобасында басқа да өзгерістер қарастырылған. 

"Заң жобасында ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар республикада асыл тұқымдық істі одан әрі қайта реттеумен, асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектілерінің қызметін жүзеге асыру тәсілдерін өзгертумен, тұтастай алғанда, селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты жетілдірумен, ауыл шаруашылығы малының генетикалық әлеуетінің деңгейін арттырумен байланысты", – дейді депутат Асқарбек Үйсімбаев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу