Қасым-Жомарт Тоқаев: БҰҰ миссиясы – бүкіл әлемнің Қазақстан армиясына деген зор сенімі

Қазақ жауынгерлері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясына ойдағыдай қатысып жатыр. 

Қасым-Жомарт Тоқаев: БҰҰ миссиясы – бүкіл әлемнің Қазақстан армиясына деген зор сенімі Фото: Ақорда

Елордада өтіп жатқан әскери парадта ел Президенті – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан армиясына БҰҰ сенім білдіреді. 

– Жұртымыздың ерлік дәстүрі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. Алтын Орда, Қазақ хандығы кезіндегі баһадүр бабаларымыз кең байтақ жерімізді қорғап, кейінгі буынға аманат етті. Олардың бүгінгі ізбасарлары қазақтың мемлекеттілігін қас қақпай күзетіп тұр. Айбынды армия – Тәуелсіздігіміздің қорғаны. Сарбаздарымыз елдің бейбіт өмірін, тұтастығы мен тыныштығын қорғауда. Қарулы Күштеріміз әлемдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға үлес қосып келеді. Жауынгерлеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясына ойдағыдай қатысуда. Бұл – бүкіл әлемдегі Қазақстан армиясына деген зор сенім, – деді ол. 

Президент қорғанысты әлі де арттыра түсу керегін айтты. Бұл бойынша жүйелі жұмыстар да атқарылып жатыр. 

– Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – аса маңызды міндет. Біз Қарулы Күштерімізді жаңғырта бастадық, армиямызды күшейту үшін нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы өте маңызды мәселе бойынша Парламент заң қабылдады. Мемлекет әскери қызметшілерге, арнаулы мекемелер мен азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді. Армиямыздың күш-қуаты жауынгерлік рух пен темірдей тәртіпке тікелей байланысты. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – елдегі қауіпсіздік пен тыныштық кепілі. Біз озық ойлы ұлт ретінде заң мен тәртіпті бәрінен биік қоятын болдық. Әр азаматтың бойында Отанға деген адалдық пен әділдік болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу