Енді Зүлфия Төленованың басқа асыранды балаларға да қол көтеретіні туралы ақпарат тарады. Бұл туралы журналист Руслан Өтепбайдың әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеодан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бәрі белгілі болды. Қиналып жүрген тек Құндыз бен Назгүл ғана емес екен. Желтоқсан айының 29-ы күні Зүлфия Төленованың үстінен ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Арызданушылар – асыранды балалары. Балалардың айтуынша, Зүлфия Төленова ішімдік ішіп алып, олардың мазасын алып, бірнеше рет қол көтерген. Аталған дерек бойынша қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, заң аясында жауапқа тартылады", – деп жазды журналист Руслан Өтепбай.
Балалардың қамқоршысы Зүлфия Төленова өз "әрекетін" түсіндіріп, ақталуға тырысқан.
"Үйге дайындаған тамақты көшедегі итке тасиды. Қарап тұрып дәретін сындыра салады. Мен не істеуім керек? Мысалы, мен қазір біреудің баласы тұрмақ, өз немереме қарағым келмей кетті. Өйткені тыңдамайды, не істеймін басқа?" – деді ол.
Журналист "Сіз ішімдік ішесіз бе?" деп сұрады.
"Иә, той-думанда", – деді Зүлфия Төленова.
Руслан Өтепбай "Ішіп келіп, балалардың мазасын алады дейді" деп нақтылады.
"Жоқ. Ол жала шығар мүмкін", – деп жауап берді қамқоршы.
Бұған дейін желіде туған аға-жеңгесінен 17 жыл теперіш көріп, құлдықта болған апалы-сіңлілердің бірінің қол-аяғы, аузы скотчталғаны бейнеленген сурет тарады. Журналист Руслан Өтепбай болған жағдай туралы өзінің Instagram парақшасында жазды.
"Анығын білейін деп қамқоршысы Зүльфияға хабарластым. Бірақ әңгімесі қисынға келмейді. Байлаған мен емес деп ақталып жатыр. Мен сенбеймін. Тараз қаласының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің мамандары, Тараз қаласының полиция департаменті мына мәселені назарға алыңыздар!", – деп жазды журналист.