Ұлытау облысында үш баланы құлдықта ұстаған қамқоршыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот мәліметінше, 2018 жылы сотталушы "С." бір отбасынан шыққан 14, 12 және 8 жастағы 3 кәмелетке толмаған баланы қамқорлығына алып, психикалық зардап шектірген. Жезқазған қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығында алты жыл бойы жұмыс жасатып, мал бағуға мәжбүрлеген.
Сонымен қатар 3 балаға берілетін жәрдемақыны 5 жыл бойы өзіне алып, балаларды асырап-бағу міндетін орындамаған.
Сотталушының кінәсі жартылай мойындауымен, жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптамалық қорытындылармен және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді. Сотталушы "С." кінәсін ішінара мойындаған.
Жәбірленуші, кәмелет жасқа толмаған жәбірленушілердің заңды өкілі мен қорғаушысы сотталушыға баптың санкциясы шеңберінде жаза тағайындауды сұрады.
"Жаза тағайындау кезінде сотталушының жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сот "С." Қылмыстық Кодекстің 110 бабының 2 бөлігіндегі 1,2 тармақтарымен (Азаптау), 142 бабымен (Қорғаншы немесе қамқоршы құқықтарын терiс пайдалану) бойынша кінәлі деп таныды. Оған Қылмыстық кодекстің 58 бабының 3-бөлігіне (Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау) сәйкес қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген хабарламада.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.