Асырап алған балаларын қорлаған шымкенттік емшіге екі сәбиді қамқорлыққа берген директордың лауазымы өсті

8378

"Жындыханадағы" емші Ұлықбек Сманов Өскеменнен 2 баланы асырап алған, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Асырап алған балаларын қорлаған шымкенттік емшіге екі сәбиді қамқорлыққа берген директордың лауазымы өсті Фото: Ашық дереккөзден

Шымкенттік емші қамқорлық емес, қорлық көрсеткен алты баланың екеуін Өскеменнен асырап алған. Бұл туралы Kazinform тілшісіне сол балалардың бірінің әжесі айтып берген еді. Олардың Шымкентке қалай кеткенін білу үшін сәбилер үйінің директорынан ақпарат алғымыз келген. Алайда бұл мүмкін болмады…

Өскемен қаласында тұратын 65 жастағы Наталья Устинова жиен немересінің сәбилер үйіне қалай түскенін айтып берген болатын. 

Сөз арасында ол шымкенттік емшінің Александр есімді тағы бір баланы асырап алғанын жеткізген еді, яғни екі бала бір жерден аттанған. 

Kazinform тілшісі қаладағы Қазыбек би даңғылында орналасқан сол сәбилер үйіне барып көрді. Алайда күзетші директордың орнында жоқтығын айтып, ішке кіргізбеді.

Араға бірнеше күн салып тағы барғанда күзетшінің жауабы еш өзгермеді. Үшінші ретте де қақпадан өткізбей қойды.

"Директордың орнына жауап беретін орынбасары немесе бөлім басшылары бар ма?", деген сауалға "Жоқ", деп қысқа қайырды. 

Сәбилер үйінің жұмыс телефоны нөміріне де талай мәрте қоңырау шалдық. Тұтқаны ешкім көтермеді. Бір аптадан астам уақыт өткен соң, әйтеуір дегенде телефонды біреу алды.

Өзімізді таныстырып, мән-жайды айтқан соң мынадай жауап естідік: 

"Қазір бізде директор жоқ. Салтанат Ерболатқызы жұмыстан шығып кетті. Оның орнына әлі ешкім тағайындалмады. Ал біз ешқандай сұраққа жауап бере алмаймыз". 

Көп ұзамай инсайдерлік ақпарат арқылы сәбилер үйіне жаңа басшының бекітілгенін естідік.

Бірден сәбилер үйіне хабарласып едік, қуанышымызға орай телефонды өткендегі қызметкер лезде көтерді. 

"Иә, директор болып Гүлмира Мирхат тағайындалды. Бірақ ол кісі қазір орнында жоқ. Телефон нөміріңізді маған қалдырыңыз. Келген соң сізге хабарласады", – деді.

Расымен де хабарласты. Алайда ол қойылған сұрақтарға бірден жауап бере алмайтынын, ұжыммен, жұмыс барысымен енді танысып жатқанын, 3 күнде дайындалып кездесуге шақыратынын жеткізді. 

Межеленген уақыт өтті. Гүлмира Мирхаттан хабар жоқ. Өзіміз қонырау шалдық. Бұл жолғы жауабы бізді таңқалдырды: 

"Сіздермен кездесіп, сұрақтарыңызға жауап бере алмаймыз. Тек құқық қорғау органдарымен сөйлесеміз". 

Бұл мекеме ШҚО денсаулық сақтау басқармасына қарасты. Басқармаға хабарласып, бұрынғы басшының жұмыстан қалай шыққанын сұрап көрдік. 

"Салтанат Ерболатқызы ол қызметтен ШҚО Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы орталығына бас дәрігер болып тағайындалуына байланысты босатылды", – деп жауап берді. 

Екі бала Шымкент тұрғынына қамқорлыққа берілген кезде сәбилер үйінің директоры болған маман жауаптырақ қызметке тағайындалыпты.

Ал жаңа басшының не себепті біздің сұрақтарымызға жауап бергісі келмейтінін түсінбедік. Бұл мәселе ары қарай да тілші назарында болады. 

Еске салсақ, шымкенттік емші асырап алған 6 баласын қорлап, азаптады деген күдікпен қамауда отырғанын хабарлаған едік.

Ол асырап алған балаларына ит пен мысықтың етін жегізді деген дерек шықты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу