Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 53,2 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 7,4 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
"Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады. Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 86,1 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 61,3 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды", - деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметі.
Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.
Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5%-ға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 6,5%-ға артты.
Мәселен, осы жылы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін – 101 702 теңгені, 2-топ үшін – 81 362 теңгені, 3-топ үшін – 55 474 теңгені құрайды.
1 ақпандағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 71 245 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 72 214 теңгені құрайды.