Талдықорғанда марқұм Шерзат Полаттың ісі бойынша сот отырысында куәлердің тергеуде берген жауабы оқылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Түнгі сағат 23.00 шамасында анамның атына тіркелген көлікпен шығып, Талғардың орталығына бардым. Мен негізі ақыға адам тасымалдайын деп ойлағанмын. Алайда жол-жөнекей адам шықпаған соң сол орталықта тұрдым. Содан кейін Рысқұлов ауылының жоғарғы жағындағы Ақбұлақ курорт орталығына қарай бардым. Себебі сол жақта видео түсіріп, Инстаграмға салғым келді. Ол жақтан видео түсіріп, шаңғы тебетін жерге шықтым. Тауға қарай көтеріліп бара жатқанда ешкім болмаған. Шамамен 5-10 минуттан Биатлон жақтан Рысқұлов ауылына түсіп келе жатқан кезде жолдың бойындағы үш маркалы көлік тұрды", - делінген куә Әлихан Балпықтың жауабында.
Сөзінше, сыртта тұрған жігіттермен амандасқан. Олардың арасында айыпталушылар Нұрбол Тоқтаубаев, оның інісі Азамат Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай болған.
"Осы кезде аталған жерге Тойота көлігі келді. Оның ішінен Нұрқияс (Ілиясов) түсті. Ол менімен амандасты да, "Не істеп жүрсің?" деп сұрады. Ол маған "Мына жерден кете бер. Нең бар біздің арамызда?" деп айтты", - делінген жауапта.
Мемлекеттік айыптаушы тағы бір куә Евгения Әмірқұлованың жауабын оқыды.
"Жолдасымыз екеуміз теледидар көріп отырдық. Шамамен сағат 00.00-де біз атыс дыбысын естідік. Терезеден қараған сәтте топтасқан адамдар көше бойымен жүгіріп бара жатты. Әйел адамдардың дауысын естідік. Олар "Жүгір, бол, тез, өлтіретін болды" деді. Бұл атыстан кейін болды. Мен атысқа дейін ер адамның "Ат, өлтір оларды" деген дауысын естідім және бұл бірнеше рет қайталанды. Содан кейін біз қарамадық. Осы дерек бойынша менің басқа қосатыным жоқ", - деген Евгения Әмірқұлова.
Айта кету керек, осыған дейін Талдықорғанда марқұм Шерзат Полаттың ісі бойынша сот отырысында куәгерлерден жауап алынып жатқанын жазғанбыз.