Ата-аналар балаларына қызылшаға қарсы екпе салуға неге қарсы?

421

Балалар қызылшаға қарсы үнді вакцинасымен егіледі.

Ата-аналар балаларына қызылшаға қарсы екпе салуға неге қарсы? Фото: inbusiness.kz

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммункациялар қызметінде өткен брифингте елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

"Ата-аналар жалпы қарсы деп айта алмаймын. Биыл жоспарлы вакцинациядан 600 мың бала өтті. Бұл 1 жас және 6 жас аралығындағы балалардың 85 пайызын құрап отыр. Яғни 15 пайызы екпе салмай отыр. Сондықтан да олардың ата-аналарымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 8 мыңдай ата-ана баласына екпе салуға қарсы болса, медицина қызметкерлерінің жұмыс жүргізуіне байланысты балалардың 50 пайызы екпе алған болатын. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасын таппақ. Бүгінде қызылша ауруының спецификалық немесе этиотроптық емі жоқ. Сондықтан ауырған балаларды симптоматикалық еммен емдеп жатыр. Қызылша ауруының қатты асқынулары бар. Оның бірі – энцефалит ауруы. Реанимацияда жатқан балалардың ми қабыну белгілері бар екенін айтып кеткім келеді", - деді ведомство басшысы тілшілердің сауалына берген жауабында. 

Министр елімізде қызылшаға қарсы үнді вакцинасы қолданылғанына 10 жыл болғанын атап өтті. 

"Бұл уақыт аралығында вакцинадан қандай да жанама әсерлер немесе асқынулар болмады. Бұл вакцина түрі әлемге танымал, оны Қазақстаннан бөлек 70 ел пайдаланады. Үнді вакцинасы ДДСҰ-ның сертификатына ие. Екпенің тиімділігін ескере отырып, біз қолданыстағы вакциналарды ауыстырмауға тырысамыз", - деді Ажар Ғиният.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу