Ата-аналар мектепте әзірленетін барлық астың бірыңғай технологиялық картасын әзірлеуді сұрайды

1997

Білім басқармасы өткізген бүгінгі баспасөз мәслихатында мектеп асханасында онлайн төлем жүйесін енгізу жайы айтылды. Оның арқасында ата-аналар баласының қандай тамақ ішкенін біліп отырады. 

Ата-аналар мектепте әзірленетін барлық астың бірыңғай технологиялық картасын әзірлеуді сұрайды

Астана қаласының білім басқармасы мектептердің ас дайындау бөлмесіне камера орнату мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұндай ұсынысты тамақтандыру бойынша комиссия құруға көмектесіп жүрген қалалық ата-аналар қоғамдастығы алға тартып отыр.

"Біз кейде тиесілі еттің берілмей қалғаны туралы айтамыз. Бірақ әуелі мынаны түсінуіміз керек: мектептердегі тамақтандыру жұмысы - тұтас өндіріс іспетті. Ас дайындау бөлмесінде жұмыс таңғы сағат 5-6 кезінде басталып кетеді. Мектептің бір де бір қызметкері тамақ дайындауда қанша ет салынған-салынбағанын таң атпай келіп бақылап жатпайды. Тек видеобақылау ғана осы процесті қадағалауға мүмкіндік берер еді", - деді қалалық ата-аналар қоғамдастығының төрайымы Татьяна Коршунова елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Ата-аналар, сонымен бірге, қоғамдық денсаулық сақтау комитетінен мектепте әзірленетін барлық тамақ түрі бойынша бірыңғай технологиялық карта әзірлеуді сұрап отыр.

"Біз балалардың қандай тамақты ішіп-жеп жүргенін білгіміз келеді. Егер котлет берілсе, оның неден жасалғанын, қандай өнімдер әкелінгенін ата-аналар білуі керек", - дейді ол.

Бұған қоса, тамақтандыру бойынша комиссия жұмысында директорлар жауапкершілігін арттыру көзделіп отыр. Татьяна Коршунова келтірген мәліметке сүйенсек, кей комиссиялар қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді. Құжаттарда тамақтандыру бойынша ешқандай кемшілік жоқ деп жазылғанымен, іс жүзінде жағымсыз жайлардың кездесіп жататыны бар. Оның айтуынша, барлық ескертулер мектептің сайтында жарияланып отыруға тиіс.

"Комиссиялар мектепте белсенді жұмыс жүргізге тиіс. Кез келген ата-ана комиссия құрамына ене алады. Ол үшін ата-ана директорға өтінім беруі керек. Егер директор ата-ананы комиссия құрамына кіргізуден себепсіз бас тартса, онда бізге келуіне болады. Біздің міндетіміз - әр мектепті аралап, асханасын тексеру емес. Әр мектепте шынайы комиссия жұмыс істегенін қалаймыз. Әнуар Жанғозин (қалалық білім басқармасының басшысы - авт.) айтқандай, онға тарта ата-ана - комиссияға жетерлік оңтайлы құрам", - дейді Татьяна Коршунова.

Еске салайық, білім басқармасы өткізген бүгінгі баспасөз мәслихатында мектеп асханасында онлайн төлем жүйесін енгізу жайы айтылды. Оның арқасында ата-аналар баласының қандай тамақ ішкенін біліп отырады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу