Атырауда мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа балабақша ашылады. Ол қазіргі ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектеп-гимназияның ғимаратын күрделі жөндеу арқылы жүзеге асады деп жоспарланған. Ал мұндағы оқушылар қыркүйек айынан бастап Нұрсаядағы жаңа ғимаратта білімін жалғастырады, деп хабарлайды atpress.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова мәлімдеді. Бұдан өзге өңірде 8 мектеп, 20 балабақшаның жобалық-сметалық құжаты жасақталуда.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл жазғы демалыстағы іс-шараларға оқушылардың 98 пайызы қамтылады. Бұл бағытта бюджеттен 317 млн 216 мың теңге бөлініпті. Сондай-ақ, демеушілердің қаражатымен интернатта тәрбиеленген және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 40 бала Италия мемлекетіне аттанады. Ал "Машат-Арасан" орталығына 500 бала барады деп күтілуде.
"Биыл мектеп жанындағы лагерлерде оқушылардың ағылшын тілін терең меңгеруіне мән беріледі. Осы орайда, дәріс беру үшін Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің және Қ. Дүтбаева атындағы Атырау педагогикалық колледжінің студенттері шақыртылады", - деді Нұрсәуле Сайлауова.