Ата заңымызда ғылымға қатысты норма нақты бекітілгені дұрыс

133

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелерінің атқарған ауқымды жұмысының алғашқы нәтижесі айқындалды.   

Ата заңымызда ғылымға қатысты норма нақты бекітілгені дұрыс Фото: Конституциялық сот

Дегенмен, Конституция мәтіні жобасының әлі де нақтылана түсетін тұстары бар. Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев осындай пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

"Өздеріңізге мәлім, мен алғашқы отырыста біздің айналымдағы Конституцияда ғылым мен инновацияға  байланысты норманың жоқ екенін айта келіп, осының өзі елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі ғылымның рөлі мен мәртебесін әлсіретіп отырғанын айтқан едім. Қазіргі заманда ғылымның негізгі өндірістік күшке айналып отырғанын ескеріп, Ата заңымызда ғылымға қатысты норманың нақты бекітілгені дұрыс болатынын ұсынған болатынмын. Бұл ұсыныс Конституциялық кеңес мүшелері тарапынан толық қолдауға ие болды", – деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, ұсыныс негізінде Конституция мәтіні жобасының преамбуласы мен 1-баптың 3-тармағында арнайы нормалар пайда болды. Преамбулада "мәдениет және білім құндылықтарын, ғылым мен инновация жетістіктерін бағдарға ала отырып" деген түсінік жазылды.

Сондай-ақ, Комиссия отырысында ол 30-бапқа тиесілі де ұсыныс айтты. Бұл бап қазіргі жобада бес тармақтан тұрады. Оның алғашқы төрт тармағы еш өзгеріссіз айналымдағы Конституция  нормаларынан алынып отыр, ал бесінші тармақ – жаңа норма.

"Бесінші тармақтың мәтіні былай: "Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы ұйымдар мен мекемелерде білім және тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие". Бұл – Конституциямыздың бірінші бабының бірінші тармағынан туындап отырған біздің зайырлы мемлекет екендігімізді айқындай түсетін норма. Осы норманы қолдасаңыздар, онда қоғамда әлсін-әлсін кездесіп қалатын кейбір қайшылықтар заңдық негізде өз шешімін табатыны анық", – дейді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу